Түркіменстанның оңтүстік-шығысындағы Мары қаласында тұрғындардың медициналық маска тағу тәртібін бақылау күшейді. Полиция қызметкерлері көшелер мен базарларды тексеріп жүр. Тәртіп бұзғандар ұсталып, оларға айыппұл салынады.
Полиция мен күш құрылымдарының қызметкерлері қаланың барлық аудандарындағы қоғамдық орындарды бақылауға алды. Олар әсіресе көшелер мен базарларда жүр.
Азаттық радиосы түркімен қызметі тілшісінің хабарлауынша, Мары қаласында полиция рейдінің жүріп жатқанына екі күн болды. Базарларда сатып алушылардан полиция қызметкерлері көп.
«Облыстың бүкіл полицейі базарға жиналған сияқты. Олар базарға келушілерден де көп. Сатып алушылар тауар дәмін көру үшін маскасын түсірген уақытта полиция қызметкері жетіп келеді», — дейді тілші.
Мәселен, сүзбе дәмін тексергісі келген бір әйелді полиция қызметкерлері базар маңындағы автобусқа алып барып, сол жерде оған айыппұл салған. Ол полиция қызметкерлерінің маска тәртібін бұзғаны үшін 50 манат төлеуін талап еткен. Ондай ақшасы жоқ болған соң 10 манатқа келіскен.
Мары полициясы автокөлік жүргізушілердің де маска таққанын қадағалап жүр. Айыппұл төлегендерге квитанция берілмейді.
Түркіменстан билігі ел аумағында COVID-19 «жоқ» деп отыр, соған қарамастан тұрғындарды медициналық маска тағуға міндеттеді.