Түркімен билігі азаматтарды VPN-нен бас тартқызып, Құранмен ант беруге мәжбүрлеген

Түркіменстан билігі тәуелсіздік алған алғашқы жылдары-ақ азаматтардан отанға адал болуға ант беруін талап етті. Енді мұндай ант интернет қолданушыларды шектеу мақсатында қолданыла бастады.

Түркімен билігі онсыз да шектелген интернетті одан сайын шектей түсудің тағы бір әдісін ойлап тапты.

Азатлык радиосы тілшісінің хабарлауынша, үйге интернет-байланыс қостырғысы келетін азаматтарға талаптың жаңа түрі қойыла бастаған.

Айнұр есімді тұрғын бір жарым жылдан бері интернет қостыруға талпынып жүр. Үйдегі интернет шетелде жұмыста жүрген күйеуімен сөйлесу үшін керек. Бірақ Айнұрдың талпынысынан түк шықпады.

«Былтыр үйге интернет қостыруға кезекке тұрдым. Кезек бір жарым жылдан соң жетті. Wi-Fi қызметін алу үшін көптеген құжатқа қол қоюға тура келді. Енді VPN қолданбаймын деп Құранмен ант беруімді талап етіп отыр. Интернетте VPN-сіз ешқандай сайт ашылмайды. Не істерімді білмеймін», — дейді Азатлык тілшісімен сөйлескен Айнұр.

Түркімен билігі интернетті шектеудің көптеген тәсілін қолданды. Интернеттің жылдамдығы нашар. Елде әлеуметтік желілер, VPN қызметін ұсынатын сайттар бұғатталған. VPN қызметін телефонға орнататын шеберлер қамалған.

Түркіменстан интернет бостандығы жөніндегі рейтингте әлемде ең соңғы орындардың бірінде тұр.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий