Түркіменстан: Сердар Бердімұхамедов президент қызметіне кірісті

Түркіменстанды ұзақ жыл басқарған авторитар басшы Гурбангулы Бердімұхамедовтің ұлы Сердар Бердімұхамедов 19 наурызда президент қызметіне кірісті.

Инаугурация рәсімі Ашғабаттың «Рухыет» сарайында өтті.

«Бұл күн Отанның тәуелсіз бейтарап тарихына демократиялық құрылымның қайтымсыздығының белгісі болып, ерекше кезең ретінде енеді» деп жазды мемлекеттік TDH ақпараттық агенттігі салтанатты рәсім туралы хабарламасында.

Құқық қорғаушылар Түркіменстанды авторитарлы мемлекетке жатқызады. Ашғабат Freedom House ұйымының демократиялық даму рейтингісінде ең төменгі орындарда тұр.

12 наурызда өткен кезектен тыс президент сайлауының ресми нәтижесі бойынша Сердар Бердімұхамедов жеңіске жеткен. 2006 жылы билікке келген оның 64 жастағы әкесі ақпан айында «жас буынға» жол беруге дайын екенін мәлімдеген. Бұдан соң елде мерзімінен бұрын президент сайлауы тағайындалды.

Биыл қыркүйекте Сердар Бердімұхамедов 40 жасқа толады. Заң бойынша 40 жасқа толған азаматтар президенттіктен үміткер бола алады. Сайлау бюллетенінде Бердімұхамедовтан бөлек, билікшіл тағы сегіз адамның аты-жөні болды. Ресми мәлімет бойынша, Сердар Бердімұхамедов 73 пайызға жуық дауыс алған.

Сарапшылар 1991 жылдан бері елде өткен сайлаулардың ешқайсысын халықаралық стандартқа сай әділ өтті деп танымаған.

Азаттықтың Түркімен қызметі дауыс беру және сайлауалды кампаниялар кезінде жаппай заңбұзушылықтар (бюллетеньдерді ауыстыру, бір адамға бірнеше бюллетень беру, сайлаушыларға қысым жасау және тағы басқа) болғанын хабарлады.

Сердар Бердімұхамедов саясатқа 2016 жылғы қарашада араласа бастады. Алдымен парламенттегі бос орынға өтіп, депутат болды. Сосын сыртқы істер министрлігі ақпарат департаментінің басшысы болды.

2018 жылғы мамырда сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды. Содан бері жылына бірнеше рет жаңа қызметке отырып, саяси лауазымы өсе берді.

Түркіменстан табиғи газ қоры бойынша әлемде төртінші орында тұрса да, Гурбангулы Бердімұхамедов тұсында халықтың тұрмыс-тіршілігі күрт нашарлаған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий