Келесі айдан бастап Түркіменстан Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесінің (Түрік кеңесі) толық мүшесі болады. Бұл туралы Report.az әзери басылымы Түркияның «Әділет және даму» партиясының төраға орынбасары Бинали Йылдырымға сілтеме жасап хабарлады.
Түрік кеңесінің VIII саммиті 12 қарашада Стамбұл қаласында өтеді.
Басылым мәліметіне қарағанда, саммитте Түрік кеңесіне төрағалық ету құқығы Түркияға өтіп, ұйымның аталуы өзгереді деп күтіледі.
Бинали Йылдырымның сөзінше, Түрік кеңесі «Түркітілдес мемлекеттердің ұйымы» деген атауға ие болады.
Биыл наурызда өткен кеңеске мүше елдердің бейресми онлайн отырысында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған кеңестің мәртебесін өзгертуді ұсынған.
Түрік кеңесі 2009 жылы Әзербайжанның Нахчыван қаласында құрылған. Оған Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия мүше. Венгрия бақылаушы мәртебесіне ие.