Иллюстративное фото
Түркіменстан билігі жариялаған рақымшылықпен 514 адам бостандыққа шықты.
Әкесінің орнына билікке келген президент Сердар Бердымұхамедов 22 сәуірде рақымшылық туралы жарлыққа қол қойды. Құжат мұсылмандардың қасиетті Рамазан айы құрметіне қабылданды.
Ресми хабарламада рақымшылық алғандар «жасаған ісіне өкінетіні» айтылған. Түрмеден босап шыққандар тізімі бұл жолы да жарияланбады.
Түркіменстан билігі жылына бірнеше мәрте рақымшылық жариялайды. Мұндай заң әдетте түрлі мерекеге орай қабылданады. Билік бұны президент беделін көтеру мақсатында пайдаланады.
Рақымшылық туралы жарлық жарияланған уақытта Азаттықтың Түркімен қызметі Гурбангұлы Бердымұхамедов билікке келген уақытта ұсталған бірнеше адамның тағдыры жайлы тың мәлімет алды.
Ұлттық қауіпсіздік министрінің бұрынғы орынбасары Доулетгелді Байжаев түрмеде қайтыс болды. Бұл туралы Азатлыкқа Ашғабаттағы дереккөздер хабарлады. Бердымұхамедов билікке келген 2007 жылы түрмеге түскен шенеунікті 15 жылда ешкіммен кездестірмеген. Байжаев биыл наурыз айында қайтыс болған, бірақ туыстарына енді ғана хабар берген. Ол 50 жаста еді.
Енебай Агаева рақымшылықпен бостандыққа шықты. Бұрын ол Түркіменстан мәдениет министрі болған. Бұрғынғы шенеунік түрмеде 15 жыл отырды. Ол да Бердымұхамедов билікке келген жылы қамалған.
Дереккөздердің хабарлауынша, Агаева үйіне 21 немесе 22 сәуірде оралған. «Содан бері оның үйін Ұлттық қауіпсіздік министрлігі қызметкерлері күзетіп жүр. Бұрынғы шенеунікке ешкімді кіргізбейді. Көршілері оны көргісі келген, бірақ пәтеріне кіре алмаған», — дейді дереккөз.
Бақылаушылар Түркіменстан түрмелерінде орын қалмағанын айтып жүр. Кейбір деректерге қарағанда, бұл елде әрбір 100 мың адамның 552-і түрмеде отыр. Түркімен түрмелерінде отырғандар саны 30 мыңнан асады.