Түркіменстанда бір палаталы парламент құрылды, оған Гурбангулы Бердімұхамедов жетекшілік етеді

Түркіменстанда парламенттің жоғарғы палатасы жойылып, бір палаталы парламент (Халық мәслихаты) құрылды. Мұндай шешім 21 қаңтарда түркімен парламентінің біріккен отырысында қабылданды. Бұл жөнінде елдің мемлекеттік ақпарат агенттіктері хабарлады.

Бір палаталы парламентке экс-президент, қазіргі президенттің әкесі Гурбангулы Бердімұхамедов жетекшілік етеді. Ол бұрын да жоғарғы палатаны басқарған. Оның «ұлт көшбасшысы» деген мәртебесі бар.

Конституцияға енетін тиісті түзетулерге президент Сердар Бердімұхамедов қол қойды.

Түркіменстанда екіпалаталы парламент 2021 жылдың қаңтарында ғана құрылған еді. Шамамен екі жылдан соң жойылды.

2020 жылы сол кездегі президент Гурбангулы Бердімұхамедов парламенттің жоғарғы палатасын құрып жатып, бұл өзгерістің ақырғы мақсаты – түркімен халқының «бақытты өмірі»деп мәлімдеген. Ал былтыр көктемде президенттікті ұлы Сердар Бердімұхамедовке тапсырған соң Гурбангулы Бердімұхамедов парламенттің жоғарғы палатасының төрағасы қызметіне отырған.

Түркімен саяси шолушысы, сарапшы Кумуш Байриева өзгерістерді «төраға қызметіне көңілі толмаған Гурбангулы Бердімұхамедовтің асқан өзімшілдігінің көрінісі» деп атайды.

«Енді ол рухани «ұлт көшбасшысы» рөлін ойнап, биліктің қалған тармақтарының Халық мәслихатына есеп беретіндігін пайдаланып, оны қатаң бақылауға алғысы келеді» деді ол.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий