Түркіменстанда жеке басқа табыну күшейді

Түркіменстанда жаңадан бой көтеріп жатқан Арқадаг қаласына қатысты үгіт-насихат жүріп жатыр. Қала құрылысының қаншалықты қарқынды жүріп жатқанын көрсету үшін «Арқадаг» газеті мен телеарнасы ашылады.

Жаңа қала «мемлекеттік маңызы бар ерекше мәртебеге» ие. Азаттықтық Түркімен қызметі дереккөздерінің хабарлауынша, уақыт өте келе мемлекет астанасы Арқадагқа көшірілуі немесе оған екінші астана мәртебесі берілуі мүмкін. Сарапшылар қаланың кең көлемде насихатталуына қарап, «түркімен басшысына дәріптеу жаңа деңгейге көтерілді» деп есептейді.

Жұмысы биыл шілдеде басталатын «Арқадаг» газеті ел жетістігін «әлемге танытуды» көздейді. Қыркүйекте эфирге шығатын жаңа телеарнаның мақсаты да сол. Осылайша баспасөз еркіндігі ұзақ жылдар бойы шектеліп келе жатқан Түркіменстанда билікке толықтай бағынатын ақпарат құралдары пайда болады.

Бұның алдында Түркіменстанда «Ашғабат ТВ» телеарнасы құрылған. «Арқадаг» қала атымен аталатын екінші телеарна атанды.

Бұл уақытта Түркіменстан президенті 30 наурызда «Ахал уәлаяты Арқадаг қаласы әкімдігін» «Арқадаг қаласы әкімдігі» деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойды. Мұндай шешім жаңа қалаға «мемлекеттік маңызы бар ерекше құқыққа ие қала мәртебесі» берілуіне байланысты қабылданған.

Арқадаг қаласы Копетдаг тауы етегінде салынып жатыр. Мұнда Бердымұхамедовтер отбасы туған ауыл бар. Елді мекен Ашғабат қаласынан шамамен 25 шақырым жерде орналасқан. Жақында қала құрылысына 5 миллиард доллар жұмсалатыны мәлім болды.

Түркіменстанда бұрынғы президент Гүрбанғұлы Бердымұхамедовті Арқадаг деп атайды. Ал оның ұлы, қазіргі президент Сердар Бердымұхамедовті «Арқадаглы Сердар» (Арқадагы бар Сердар) деп атап жүр.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий