8 маусым күні Түркістан облысы Сайрам-Өгем ұлттық паркіндегі «Сайрам Айғыр» шатқалына жолға шығып, оралмаған жеті студенттің екеуінің заттары табылды. Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары 21 мамырда тауға шығамыз деп кеткен жеті адамның үшеуін құтқарған, екеуінің денесін тапқан.
Екі аптадан бері іздестіріліп жатқан екі студенттің бірінің ағасы табылған заттардың інісіне тиесілі ме, жоқ па белгісіз екенін айтады. Оның сөзінше, іздеу тобында әкесі жүр. Екінші інісінің денесі 29 мамырда табылған.
Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін, 8 маусым түсте іздестіріліп жатқан екі студенттің жемпірі, аяқ киімі мен ұйықтауға арналған қабы Төле би ауданындағы Айғыржыққан және Өгем өзендерінің қосылған тұсына жақын маңнан табылған. Студенттің бірінің анасы табылған заттардың арасынан өз баласының киімін таныған. Заттар айғақ зат ретінде полицияға берілген.
Жеті студент 21 мамыр күні Түлкібас ауданындағы «Сайрам Айғыр» шатқалына жаяу табиғатқа шығып, жоғалып кеткен. Кейін оларды құтқарушылармен бірге полиция, шекара қызметі, ұлттық парктің қызметкерлері мен туыстары іздей бастаған. Жеті студенттің арасында Ақтөбе, Атырау, Орал және Жезқазғаннан келгендер бар.
28 мамыр күні жоғалғандардың үшеуі тірі табылды. Оларды «Қазавиақұтқару» тікұшағының мамандары байқаған.
29 мамыр күні құтқарушылар бір студенттің денесін Өгем өзенінен, бірінің денесін өзеннен 3 шақырым жерден тапты. Оқиғаға байланысты Түркістан облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғаған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.