Түркіменстан Түркиядан өз азаматтарына визалық режим енгізуді сұрады. Билік мұны түркімендердің қауіпсіздігі үшін жасап отырмыз дейді. Бұл өтінішке Түркиядағы түркімендердің үкіметке қарсы наразылығы әсер еткен болуы мүмкін.
Түркіменстандағы құқық қорғау ұйымының дерегінше, Түркияға барғысы келген түркімендер “ол жақта үкіметке қарсы белсенділікпен айналыспаймын” деген құжатқа қол қойып, өзі үшін жауапкершілік алатын “кепілгер” табуы керек.
Түркиядағы түркімендердің үкіметке қарсы наразылығынан кейін Ашғабаттағы авторитар режим Анкарадан өз азаматтарына арналған визасыз режимнің күшін жоюды сұраған.
Түркіменстан үкіметі мұны жоққа шығарып, шетелде жүрген азаматтарымызды қорғағымыз келеді деп мәлімдеді.
Қыркүйекте Түркия билігі түркімен азаматтарына визалық шектеулер енгізді.
5 наурызда Түркіменстандағы адам құқықтары жөніндегі Хельсинки қоры шетелде тұратын екі түркімен блогер мен өткен айда Түркияға барған азаматтың сұхбатының стенограммасын жариялады.
Өзін Гадам деп таныстырған азамат Түркияға барғысы келетіндер кемі 2000 манат (қара нарықтағы бағам бойынша 100 доллар) жалақы алатын “кепілгер” табуы керегін айтады.
— Кепілгердің хатынсыз виза берілмейді. Виза мерзімі аяқталғанша Түркіменстанға оралмасаң, кепілгер болған адамды жұмыстан шығарып жіберуі мүмкін, — дейді ол.
Гадамның айтуынша, виза алғаннан кейін оны жергілікті полиция бөлімшесіне шақырған. Полицияда “Түркіменстан үкіметіне қарсы наразылық шараларына, интернеттегі саяси тақырыптағы талқылауларға қатыспаймын” деген құжатқа қол қойғызған.
Оған желідегі билікке ұнамайтын саяси тақырыптағы видеоларға лайк басуға болмайды.
9 наурызда жарияланған Freedom House ұйымының есебінде Түркіменстан азаматтық еркіндік бойынша Сирия мен Оңтүстік Суданнан кейінгі ең соңғы орындардың бірінде тұр.