Түркия ANKA дрондарын Қазақстанда да шығаруды жоспарлап отыр

Түріктің Türk Havacılık ve Uzay Sanayii AŞ (TUSAŞ) мемлекеттік аэроғарыш компаниясы «Қазақстан инжиниринг» компаниясымен әріптестік туралы келісімге отырды. Құжат түріктің ANKA әскери дрондарын Қазақстанда шығаруды қарастырады.

Бұл туралы ҚазТАГ агенттігі сәрсенбі күні түрік компаниясының Анкарадағы бас кеңсесіндегілерге сілтеме жасай отырып хабарлады.

Түрік дрон жасаушылардың хабарлауынша, Қазақстандағы бірлескен кәсіпорында дрондар шығарылып қана қоймай, оларды жөндеу, техникалық қызмет көрсету жұмыстары да қоса атқарылады.

Түркия төл ANKA дрондарын алғаш рет шетелде өндіруді қолға алатыны хабарланды.

Ұшқышсыз ұшақтарды бірлесіп өндіру жөніндегі келісім Қазқастан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға ресми сапары кезінде жасалды.

Мәліметтерге қарағанда, ANKA дрондары 350 кг жүк алып жүре алады. Оған танкіге қарсы сегіз зымыран немесе төрт әуе бомбасын тиеуге болады. Түрік әскері дрондарды 2020 жылы Сириядағы әскери операциясы кезінде қолданды.

11 мамырда Қазақстан қорғаныс министрлігі Түркиямен әскери әріптестік жөнінде бірнеше құжат қабылданғанын хабарлады. Түрік жағының хабарлауынша, Түркия ұлттық қорғаныс министрі Хулуси Акар түрік-қазақ қорғаныс байланысын арттыру маңызды екенін айтып, бірлескен әскери оқулар өтетінін де мәлімдеген.

Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдиновтің хабарлауынша, қазақстандық делегацияның Анкараға сапары кезінде әскери ғылымды дамыту, маман дайындауға қатысты бірнеше құжатқа қол қойылған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий