Түркия мен Сириядағы зілзала құрбандары 9 мыңнан асты

Түркиядағы зілзаладан 6957 адам мерт болып, 38 224 адам жараланғаны мәлім болды. Бұл туралы Түркия вице-президенті Фуат Октай хабарлады.

Сирияда 2470 адам өліп, 3894 адам жараланды, деп хабарлады Reuters пен CNN. Ақпарат агенттіктері билік мәліметі мен елдің бүлікшілер бақылауындағы аймақтардың төтенше қызметінің дерегіне сүйенді.

Түркия вице-президенті Октайдың айтуынша, апат аймағында 16 мың құтқарушы жұмыс істеп жүр. Мұнда шетелдің құтқарушылары әлі келіп жатыр. Билік Кахраманмараш, Хатай және Адыяманада қираған үйлерді аршу жұмысын күшейтуді көздеп отыр.

Түркияда 6 ақпанға қараған түні зілзала болды. Дүмпу ошағы Кахраманмараш провинциясында, Газиантеп қаласынан 30 шақырым жерде болған. Дүмпу қуаты 7,8 балл болған. Оны Түркияға көршілес Ливан, Армения, Сирия тұрғындары сезді.

AFAD мәліметінше, алғашқы жер сілкінсінен соң тағы 435 жер асты дүмпуі тіркелген. Солардың ең қуаттысы 6 ақпанда күндіз Эльбистанда болған. Оның қуаты 7,6 балл деп бағаланған.

Түркияда алты мыңға жуық ғимарат қирады. Республикада 12 ақпанға дейін аза тұту күндері жарияланды. Он провинция үш ай бойы төтенше жағдайда өмір сүреді.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий