Түркияда зілзаладан соң осы елге аттанып, көмектесіп жатқан қазақстандық құтқарушылар 85 адамның мәйітін шығарған. Олардың оны — балалар.
Қазір Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары Түркияда зілзала болған аймақта іздеу-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Газиантепте тоғыз қабаттық үй толығымен қираған. Үйінді арасынан 27 адамның денесі шығарылған. Төрт адам аман-есен құтқарылған.
Қазақстандық құтқарушылар сонымен бірге бір отбасының әкесі мен екі баласын үйінді арасынан шығарып алған.
14 ақпандағы мәлімет бойынша, Түркия мен Сирияда жер сілкінісінен 36 мың адам қаза тапты.
Түркиядағы зілзаладан үш қазақстандық қаза тапты: Мірболат Құрмашев, Әділ Қадырбеков және Жанар Жақсыбекова.
Тағы бір қазақстандық Сабина Мамадиярова қолынан жарақат алған.
Астана Түркияға қосымша көмек ретінде 1 млн доллар бөлетінін мәлімдеді.
6 ақпанда Түркия мен Сирияда магнитудасы 7,7 балл болатын жойқын жер сілкінісі болды.