20 ақпан Түркияда жергілікті уақыт 20.00 шамасында (Алматы уақыты 23.00) магнитудасы 6,4 және 5,8 балл болатын екі жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпуінің эпицентрі Сириямен шекара маңындағы Хатай провинциясында тіркелген.
Зілзала Антакья және Самандаг қалаларында қатты сезілген. Бұл туралы түркиялық басылымдар мен халықаралық агенттіктер хабарлады.
Түркия ішкі істер министрі Сүлеймен Сойлу 20 ақпандағы жер сілкінісінен кемі төрт адам қаза тауып, шамамен 400 адам жараланғанын хабарлады. Қираған ғимараттар да бар.
Түркия билігінің мәліметінше, Хатай провинциясында жарық сөніп, біраз ғимарат зақымданған. Хатай әкімдігі үйінді астында адамдар болуы мүмкін деп мәлімдеген еді. Құтқарушылар оқиға орнында жұмыс істеп жатқаны да айтылды.
Хатай провинциясы – 6 ақпанда болған 7,8 балдық жер сілкінісінен қатты зардап шеккен аймақтардың бірі.
Түркия билігі жер сілкінген аймақта теңіз суы 50 сантиметрге дейін көтерілуі мүмкін деп, тұрғындарына теңізге қарай жоламауға кеңес берді.
Жерасты дүмпуі Сирия, Египет, Ливан және Иорданияда да сезілген. «әл-Жазира» телеарнасының хабарлауынша, Сирияның Алеппо қаласында да ғимараттар қираған, үйінді астында қалған адамдар болуы мүмкін.
6 ақпанда түнде Түркияның оңтүстік-шығысы мен Сирияның солтүстік-батысында 7,8 балл жер сілкінісі болған еді. Бұл зілзаладан 46 мыңға жуық адам қаза тапты. Түркияда 40 мыңнан астам опат болды. Қазір Түркия мен Сирияда ондаған мың адам үйсіз қалды. Түркия билігі елде үш айға төтенше жағдай жариялаған.