Тәліптер Ауғанстанда шетел валютасын қолдануға тыйым салды

Ауғанстанда билікті басып алған «Талибан» қозғалысы елде шетел валютасын қолдануға тыйым салды.

Мұндай шешім ел экономикасын тұралатып тастауы мүмкін. Халықаралық көмексіз қалған Ауғанстан экономикасы қатты нашарлады.

Тәліптер мұндай шешім қабылдардан бірнеше сағат бұрын Кабулдағы әскери ауруханада екі жарылыс болып, кем дегенде 25 адам опат болды.

Тәліптер таратқан мәлімдемеде «елдегі экономикалық жағдай мен ұлттық мүддеге сай, ауған азаматтары қаржы операцияларына тек қана ұлттық афгани валютасын қолдануы тиіс» делінген.

Ауған нарығында АҚШ доллары кең таралған. Ауғанстанның шекаралас қалаларында әдетте саудаға көрші елдің валютасын қолданады.

Тәліптер Ауғанстан орталық банкі валюта қорындағы миллиардтаған долларды бұғаттан шығаруға талпынып жатыр. Елде ақша дағдарысы, қуаңшылық, миграцияның жаңа толқыны белең алды.

Ауғанстанның шетелде миллиардтаған доллар активі бар, бірақ оларды тәліптер билікті басып алған уақытта бұғатталды. Бұған қоса, Вашингтон халықаралық несие берушілердің Ауғанстанға көмегін тоқтатып тастады.

Дүниежүзілік банк мәліметінше, Ауғанстан әлемдегі ең кедей елдердің бірі, ол шетел көмегіне зәру.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий