Тәшиев қырғыз арнайы қызметі «бәрін де» бақылауда ұстап отырғанын ескертті

Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет басшысы Қамчыбек Тәшиев «Новые лица» басылымына берген сұхбатында бәз бір саяси күштер елде «тәртіпсіздік» жасағысы келеді деп мәлімдеді.

Тәшиев арнайы қызмет елде бәрін бақылауда ұстап отырғанын ескертті.

Ол елде тәртіпсіздік, төңкеріс және революция болмас үшін ҰҚМК барлық шараға баратынын айтты.

«Неге? Өйткені қоғам, ойлы азаматтар тағы бір революция жақсылыққа апармайтынын жақсы түсінеді. Бізге даму қажет. Біз саяси күштердің бәрімен, революция жасағысы келетін адамдармен де ортақ келісім таба білуіміз керек. Олардың бәрін шақырамын: «Жігіттер, келіңдер! Сендерге революция не керек?» — дейді Тәшиев.

Оның айтуынша, комитетке революция жасағысы келетіндердің көбі келіп жүр. «Біз олардың есін жиғызамыз. Оның үстіне, қазір цифрланған ғасыр, Интернет пен технология дәуірі. Естеріңде болсын, біз бәрін бақылауда ұстап отырмыз», — деп ескертті ол.

Комитет азаматтардың әңгімесін де тыңдай ма деген сауалға Тәшиев арнайы қызмет «бәрін де» бақылауда ұстайды деп қайталаған.

Қырғызстанда тәуелсіздік жылдарында биліктің ауысына алып келген бірнеше жаппай тәртіпсіздік болды. 2005 және 2010 жылдардағы халық толқулары кезінде президент қызметіндегі Асқар Ақаев пен Құрманбек Бәкиев елден қашуға мәжбүр болды. 2020 жылғы қазандағы жаппай наразылық акциясы барысында президент Сооронбай Жээнбеков қызметтен кетіп, мемлекетті басқару Садыр Жапаровтың қолына өтті. Ол Қамчыбек Тәшиевті ҰҚМК басшысы және үкімет төрағасының орынбасары қызметтеріне тағайындады.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий