Тәжікстанның бір топ дәрігерлері Озоди радиосына хат жазып, «Бехдошти» жеке зертханасы қызметінің сапасына шағымданған.
Тәжік билігі былтыр сәуір айынан бастап барлық аурухананың дені қан талдауды осы жекеменшік зертханаға жіберуі тиіс деген шешім шығарған.
Дәрігерлердің шағымында «Бехдошти» сапасы төмен және мерзімі өтіп кеткен реагенттер қолданатынын, бұл науқастарға дұрыс диагностика жасауға кедергі келтіретіні айтылған.
Озоди журналистері зерттей келе, «Бехдошти» зертханасының Тәжікстан президентінің күйеу баласы Шамсулло Сахибовқа тиесілі екенін анықтаған.
Елдің денсаулық сақтау министрлігі де «Бехдошти» компаниясына қанша мемлекеттік зертхананы бергенін жасырып отыр. Бірақ журналистер жедел жәрдем ауруханасы, «Истиклол» медицина ортлығы, №1 инфекциялық аурухана және Ұлттық медицина орталығының зертханалары «Бехдошти» компаниясына берілгенін анықтаған.
Душанбе қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, астанадағы алты аурухананың және 15 денсаулық сақтау орталығының зертханалары толығымен «Бехдошти» компаниясына берілген.
«Бехдошти» компаниясының қызметі мұнымен шектеліп қоймайды. Соғды және Хатлон облыстары ауруханаларының зертханалары да «Бехдошти» компаниясына берілгені мәлім болды.
Тәжікстанның салық комитеті аталған компанияның нағыз қожайыны кім екенін жасырып келеді. Бірақ зерттеу барысында «Бехдошти» зертханалар желісін 2017 жылы «Фароз» компаниясы құрғаны мәлім. Ал «Фароз» компаниясы Тәжікстан президентінің күйеу баласы Шамсулло Сахибовқа тиесілі.