Тәжікстанда азаматтардың қоғамдық орындарда медициналық маска тағып жүру ережесі жойылды. Енді азаматтар үйлену тойы мен басқа да мерекелік шараларды «коронавирус шектеуінсіз» өткізе алады.
Республикалық коронавирус індетімен күрес жөніндегі штабы 7 наурызда осындай шешім қабылдап, елдегі ахуалдың тұрақты екенін жариялады.
Тәжікстанда 2020 жылғы шілдеде мерекелік іс-шараларды өткізу тәртібіне шектеу енгізілді. Азаматтар үйлену тойларын қырық адамнан аспайтын шағын топпен ғана атап өтуі тиіс болды.
Енді тұрғындар үйлену тойларына 200-ге жуық қонақ шақыра алады. Тәжікстанда дәстүрлер мен әдеп-ғұрыптарды реттейтін заңға сәйкес, тойға одан көп адам шақыруға болмайды.
Ресми мәлімет бойынша, Тәжікстанда індет басталғалы бері 17 мыңнан астам адамның коронавируспен ауырғаны белгілі болды. Сарапшылар денсаулық сақтау министрлігі таратқан статистикаға күмәнмен қарайды.