Протесты в Хороге продолжались четыре дня
Тәжік билігі Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы Хорог қаласы мен Рошткала ауданының 66 тұрғынына елден шығуға тыйым салды.
Республика аумағынан шығуға тыйым салынған азаматтар тізімінің көшірмесі 22 желтоқсанда Азаттық радиосы тәжік қызметінің редакциясына түсті. Билік осыған қатысты сауалдарға жауап бермей отыр, бірақ ТБАО белсенділерінің айтуынша, тізімдегілердің дені 25-28 қарашадағы наразылық акцияларына қатысқан.
25 қарашада, Рошткала ауданының бір тұрғыны Гүлбиддин Зиёбеков арнайы жасақ операциясы кезінде оққа ұшқан соң, жүздеген наразы тұрғын ТБАО әкімшілігі ғимаратының алдына жиналды. Олар наразылықтың төртінші күні билік уәделерінен кейін ғана тарады. Билік Рошткала тұрғынының өлімін әділ тергеуге, аймақтағы интернетке қойылған шектеулерді алып тастауға уәде берді.
Аймақ белсенділері енді билік уәдесінде тұрмады деп отыр: Интернет шектелген, Гүлбиддин өлімі әлі дұрыс зерттелмеген, ал билік елден шығуға болмайтын азаматтар тізімін дайындау арқылы тұрғындарды қудалап жатыр.
«Тізімге Хорог пен Рошткала тұрғындары енді. Олар Гүлбиддин мен арнайы операцияда өлтірілген тағы екі азаматтың мәйітін алаңға алып келді. Тұрғындар оларды өлтіргендерді жазалауды талап етті», — деді аты-жөні мақалада аталғанын қаламаған белсенділердің бірі.
Азаматтық қоғам өкілі Худжамри Пірназаровтың Озоди радиосына 22 желтоқсанда хабарлауынша, Хорог қаласына Бас прокуратураның тергеушілер тобы келді. Олар наразылық акциялары, прокуратура мен милиция қызметкерлерін ұрып-соғу, шабуылдау бойынша зерттеу жүргізіп жүр.
20 желтоқсанда кешке белсенділер Тәжікстан парламенті жоғары палатасының спикері Рустам Эмомалиге бейнеүндеу жолдап, аймақтағы оқиғаларды парламентте қарауын сұрады. Белсенділердің айтуынша, Хорогтағы наразылық акциялары барысында 17 адам жараланып, екі адам қаза тапты, алайда билік құқық қорғау органдары қызметкерлеріне жасалған шабуылдарды ғана зерттеуге құлық танытып отыр.
Хорог пен Рошткаладағы оқиғаларды зерттейтін арнайы комиссия құрылған, оның құрамына наразы топ жағынан 44 адам кірген.