Тәжікстан мәдениет министрлігі Вахдат қаласындағы бюджет қызметкерлерін танымал өзбек әншісі Жұлдыз Османованың концертіне билет сатып алуға мәжбүрледі деген мәліметті жоққа шығарды.
Министрліктің хабарлауынша, Вахдатта әнші Османованың концертіне билет алуға ешкімді ешқашан мәжбүрлеген емес. Мекеме өзбек әншісінің Тәжікстанға гастролін ұйымдастыруға ғана жауапты екенін хабарлады.
Мәдениет министрлігінің мәліметінше, билет 30 сомони тұрады, оны кассаларда еркін сатып алуға болады.
Вахдаттағы дәрігерлер мен мұғалімдер мәдениет министрлігінің жауабына риза емес. Бюджет қызметкерлері министрлік өкілдері шын мәнінде не болып жатқанынан хабарсыз деп есептейді. Бұның алдында олар басшылық билет сатып алуға мәжбүрлеп жатыр деп шағымданған.
Өзбек эстрадасының жұлдызы 23 мамыр — Жастар күнінде Вахдаттағы стадионда концерт берді. Стадионға 26 мың адам сияды. Концерт билеттері 30-50 сомониден сатылды.
Мәліметтерге қарағанда, Жұлдыз Османованың Душанбедегі концертіне билет 300-400 сомониден сатылған.