Тәжікстан аумағын атқылаған топты Ауғанстанда ұстады

Талибан үкіметі Ауғанстан аумағынан Тәжікстан мен Өзбекстанды атқылаған қылмыстық топ ұсталғанын хабарлады.

16 шілдеде Талибанның ресми өкілі Забиулла Муджахидтің твиттерде хабарлауынша, 15 шілдеге қараған түні тәліптердің арнайы жасағы Құндыз провинциясы Имам Сахиб уезіндегі Канжжага ауылында хираджиттер орталығын (ИШИМ содырлары) талқандады.

«Арнайы операция кезінде қылмыстық топтың үш мүшесі өлтірілді, бесеуі қамауға алынды. Олардың автокөліктері мен қару-жарағы тәркіленді. Бұның алдында олар Өзбекстан мен Тәжікстанды зымыранмен атқылаған», — деп жазды Талибанның ресми өкілі.

Мәліметті тәуелсіз дереккөздер көмегімен растау дәл қазір мүмкін болмай отыр.

Кейінгі төрт айда Ауғанстаннан Тәжікстан мен Өзбекстанға үш мәрте зымыран атылды.

Биыл 7 мамырда ауған баспасөзі содырлар Ауғанстан аумағынан Тәжікстанға жеті зымыран атқанын хабарлады. Тәжік билігі «оқ Тәжікстан аумағына кездейсоқ түсті» деп мәлімдеген.

Биыл маусым айында Өзбекстан билігі Ауғанстанмен шекаралас ауданға бес зымыран құлағанын, соның салдарынан Термез қаласы «Мәжнүнтөл» махалласындағы төрт жекеменшік үй зақымданғанын растаған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий