Тәжікстан билігі Қырғызстанда сотталған екі тәжік азаматын босатуға уәде берді

Тәжікстан билігі Қырғызстанда сотталған екі тәжікстандықты босатуға уәде берді. Бұл туралы Озоди радиосына сотталғандардың туыстары хабарлады. Екі тәжік азаматы биыл маусым айында қырғыздың Баткен облысынан жазасын әрі қарай өтеу үшін Худжандқа көшірілген.

Абдурозик Абдукаххоров пен Асқар Юнусовты Баткен облысы Лейлек ауданының соты өмірлік түрме жазасына кескен. Алайда кейін сот жазаны жұмсартып, екеуін 20 жылға соттаған.

Тәжікстандықтар 2021 жылғы сәуірде қырғыз-тәжік шекарасында болған қарулы жанжалдан соң ұсталған. Сот оларды «Бейбітшілікке қарсы қылмыс» және «Тонау» айыптары бойынша кінәлі деп таныды. Қырғыз билігі биыл маусым айында Абдурозик Абдукаххоров пен Асқар Юнусовты жазаны отанында өтеу үшін Худжандқа көшірді. Қазір олар Худжандтағы уақытша ұстау изоляторында отыр.

Туыстарының айтуынша, бұл екеуінің ісін Тәжікстан Бас прокуратурасы қарап жатыр.

Абдурозик Абдукаххоровтың әйелі Наргис Жаборованың 2 тамызда Озоди радиосына хабарлауынша, екі апта бұрын Бас прокуратураның бір қызметкері Абдурозик пен Асқар жақында бостандыққа шығатынын айтқан.

«Бас прокуратура өкілі астанаға келудің қажеті жоқ, Абдурозик пен Асқарды босатады деді. Хабарға қатты қуандық. Мен Худжандтағы уақытша ұстау изоляторына барып, оларға жақында босап шығатыны туралы қуанышты хабарды жеткіздім», дейді Наргис Жабборова.

Абдурозик Абдукаххоров пен Асқар Юнусов — Тәжікстан азаматы, бірақ Борбоддук қырғыз ауылында тұрады — көшенің арғы беті тәжік аумағы саналады.

2021 жылғы сәуірде көрші елдердің шекарасындағы қарулы жанжал кезінде 55 адам қаза болып, 200-ден астам адам жараланды.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий