Тәжікстан Қырғызстанмен шекарада ұсталған қырғыз оқушыларын келіссөздерден соң босатты. Бұл туралы Қырғызстан ҰҚМК Шекара қызметі хабарлады.
Оқиға 23 қыркүйекте Лейлек ауданында болған. Жаштык аулының 16 жастағы екі тұрғыны ұсталған. Қырғызстан шекара қызметінің мәліметі бойынша, бұл екеуі шекарадағы шартты сызыққа жақын маңда контрабандашыларға жүк тасуға көмектескен.
Шекаралас Баткен және Соғды облысытары шекарашыларының басшылары «Кулунду» бекетінде кездесті. Соның нәтижесінде тәжік тарапы ұсталған екі оқушыны қырғыз шекарашыларына берді.
23 қыркүйекте Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасына жақын маңда екі елдің оқушылары жанжалдасып, соның салдарынан төрт қырғыз оқушысы зардап шеккен. Тәжік тарапы екі оқушы жараланғанын хабарлады. Осы оқиғадан соң Баткен ауданының әкімі Тәжікстанның Исфара ауданының басшысымен кездескен. Тараптар жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, заң бұзғандарға шара қолдануға келіскен.
Қырғыз-тәжік шекарасы 970 шақырымға созылып жатыр, қазір соның 519 шақырымының ғана мәртебесі анықталған.