Тәжікстан билігі «Ислам мемлекеті» содырларының 100-ден аса әйелі мен баласын Сириядан елге қайтарды. Арнайы рейс тәжік астанасына 21 мамырда кешке жетті.
Тәжікстанның Кувейт пен Сириядағы елшісі Зубайдулло Зубайдзоданың хабарлауынша, Сириядағы Әл-Хол лагерінде отырған 104 азамат — 31 әйел мен кәмелет жасқа толмаған 73 бала (33 қыз және 40 ұл) республикаға оралды.
Әйелдердің дені Сирия мен Иракқа 2014-2016 жылдары күйеулерімен бірге еріп барған, ал 2018 жылы «Ислам мемлекеті» жеңіліс тапқан соң Сириядағы босқындар лагерлеріне түскен.
Тәжікстан сыртқы істер министрлігінің өкілі Абдугаффор Камол әйелдер мен балалардың Сириядан елге оралуын «маңызды оқиға» деп атады. Арнайы рейспен елге ұшып келгендер оңалту дәрістерінен өтеді, емделеді.
СІМ өкілінің хабарлауынша, Сириядан Тәжікстанға барлығы 109 адам ұшып келген, солардың бесеуі Қазақстан азаматы, кейін осы елдің үкіметіне тапсырылады.
Былтыр жазда Тәжікстан үкіметі Сиридағы лагерьлерде отырған 146 тәжік әйелі мен баласын елге қайтарған.
Бұған дейін дейін тәжік билігі Сириядағы лагерьлерде 500-ден аса тәжік азаматы отырғанын хабарлаған. БҰҰ Тәжікстан мен басқа да елдерге Сириядағы босқындар лагерьлерінде отырған азаматтарын алып кетуге кеңес берген.