Тәжікстан үкіметі сыртқы саудада АҚШ долларын барынша аз қолданып, бірқатар тауарларды орыс рубльі және қытай юанымен импорттамақ.
Бұл тәжік үкіметінің дағдарысқа қарсы бағдарламасында жазылған.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін жасалған бұл бағдарламада қажетті тауарларды, оның ішінде жанармай, өсімдік майы, құрылыс материалдарын және шикізаттарды Тәжікстанға алып келетін барлық импортерлар келісім-шартты АҚШ долларынан орыс рубльіне және қытай юанына аударуы керек екені жазылған.
Тәжікстан негізгі тауарларының көбін Ресей мен Қытайдан импорттайды. Ресей армиясы Украинаға басып кіргеннен кейін орыс рубльі бірден құнсызданып кетті.
Тәжік үкіметі Сангтуда-1 ГЭС-нен электр энергиясын сатып алу бойынша Ресеймен келісімді қайта қарап шығуға келіскен. Бұл электр станциясын Ресей салған. Душанбе ГЭС-тен шыққан электр станциясын орыс тараптан доллармен сатып алады. Мамандар доллар бағамының өсуіне байланысты Тәжікстанның Ресейге қарызы көбейгенін айтып келеді.