Тәжікстанда қар көшкінінен 16 адам қаза болды

Тәжікстанда Таулы Бадахшан автономиялы облысының әкімшілік орталығы — Хорог қаласында қар көшкінінен 13 адам қаза болды. Таулы Бадахшан билігінің хабарлауынша, 15 ақпанда Бандж ауданының екі тұрғыны өлген, ал тағы бір адам Душанбе-Чанак күре жолында қар көшкінінің астында қалған.

Бұның алдында Тәжікстан төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті 15 ақпанда таңертең сағат 10 шамасында Хорог қаласындағы Носири Хисрав көшесінде қар көшкіні болғанын хабарлаған. Табиғат апатынан Ауғанстанның Хорогтағы консулдығы мен бірнеше тұрғын үй бүлінген.

Комитеттің баспасөз хатшысы Умеда Юсуфи 16 ақпанда Азаттықтың Тәжік қызметіне Хорогта құтқару жұмыстары аяқталғанын айтты. Қар астынан 13 адамның мәйіті шығарылған. Қаза болғандар арасында балалар да бар. Құтқарушылар 12 адамды аман алып қалды. Қар көшкінінен 22 тұрғын үй бүлінгені мәлім болды.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон табиғи апат салдарын жою жөнінде мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті елдің таулы өңірлеріндегі жолдарда тау көшкіні болу қаупі жоғары екенін ескертті.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий