Тәжікстанда өткен аптада экстремизм айыбымен қамалған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері, 72 жастағы Мамадсултон Мавлоназаров (Мухаммади Султон) Душанбе қаласындағы тергеу абақтысында екені белгілі болды. Бұл туралы оның туыстары хабарлады.
«19 маусымда оның Душанбе қалалық ішкі істер басқармасының тергеу абақтысында отырғанын білдік. Сол күні оған екі рет тамақ алып бардық, бірақ кездесуге рұқсат бермеді. Оның қазіргі жағдайы жөнінде, адвокатпен қамтамасыз етілген, етілмегенін білмейміз», – деді генералдың туыстарының бірі.
Мавлоназаров 16 маусымда өз үйінде ұсталғаннан бері оның қайда екені белгісіз болған. Душанбе қалалық прокуратурасы мен ішкі істер басқармасы Мавлоназаровтың қамалуы мен оған қарсы қылмыстық іс қозғалуына байланысты пікір білдіруден бас тартқан.
Мамадсултон Мавлоназаров осыған дейін әлеуметтік желілерде тәжік билігін сынап келген.
Мавлоназаров 70-жылдары «Комсомоли Точикистон» газетінде тілші болып істеп, кейін Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істеген.
Қазір ол зейнетте. Мавлоназаров үйіне тінту жүргізілгеннен кейін әлеуметтік желі арқылы Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Саймумин Ятимовты сынға алып, «37-жылдарды және Берияны ескер түсіреді», — деп жазған.
Мавлоназаров Таулы Бадахшандағы оқиғалар үшін де билікті кінәлаған.