Тәжікстандағы ұялы байланыс компанияларының шамамен екі жарым миллион абоненті (тұтынушылардың 40 пайызға жуығы) ақпан айында байланыстан ажыратылуы мүмкін.
Қаңтар айында телефон сим-карталарын жаңа үлгідегі төлқұжатқа тіркеуше берілген мерзім түгесіледі. 2019 жылы билік 1999 жылғы төлқұжат үлгісі жаңа сим-карталарды тіркеуге жарамсыз деп танып, абоненттерді жаңа ID-карталарға тіркелуге міндеттеді.
Бірақ билік бұны не үшін істеу керектігін халыққа дұрыс түсіндірмеді. Жаңа төлқұжат алған тәжікстандықтар да екі құжаттың қандай айырмашылығы барын түсіне алмай отыр. Нәтижесінде тұрғындардың дені сим-карталарды қайта тіркеуді мақұл көрмеген.
Қайта тіркеудің аяқталуына бар болғаны екі апта ғана уақыт қалды. Үкімет жаңа тәртіпке бағынбағандар байланыссыз қалады деп қорқытты. «Мен шетелде, Қазақстанда болдым. Сол уақытта төлқұжатымның мерзімі өтіп кетті. Бірақ елге келіп, оны жаңасына ауыстырдым», — деп түсіндірді душанбелік тұрғын сим-картаны ұзақ уақыт тіркемеу себебін.
Сарапшылар сим-карталарды байланыстан ажыратқан жағдайда, тұтынушылар ғана емес, елдегі байланыс операторлары да зардап шегуі мүмкін деп болжайды. 2,4 миллион абоненттен бір жылда бюджетке 44 млн доллар салық түседі.