Тәжікстанда 113 азамат «Ихван-ул муслимин» («Ағайынды мұсылмандар») ұйымына мүше деген күдікпен ұсталды. Елде тыйым салынған ұйым мүшелерін ұстау биыл жыл басында басталды.
Тәжікстан бас прокуроры Юсуф Рахмон 28 қаңтарда Душанбеде өткен баспасөз конференциясында «ағайынды мұсылмандар» ұсталғанын растады. «Ұйымның мүшесі деген күдікпен 113 адам ұсталды. Олардың ішінде 20 мұғалім, бір шенеунік бар» деді ол.
Юсуф Рахмон күдіктілердің арасында Тәжікстан президент аппаратының бір қызметкері бар деген мәліметті жоққа шығарды. «Ағайынды мұсылмандар» Тәжікстанда мемлекеттік билікті құлатуды көздеген» деп мәлімдеді Тәжікстанның бас прокуроры.
Қамаудағы күдіктілерді туыстарымен кездестірмей отыр. Тәжікстандағы адам құқықтарын қорғаушылар бұл жағдайға алаңдайды. Өткен жылы халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары Тәжікстан билігін дін еркіндігін шектегені үшін сынаған еді.
Тәжікстанның Жоғарғы соты «Ағайынды мұсылмандар» ұйымын 2006 жылы тыйым салынған ұйымдар тізіміне енгізді.