Тәжікстанда бір отбасының төрт мүшесін өлтірген күдікті табылмай жатыр

Хатлон облысының Жайхун ауданында бір отбасының төрт мүшесінің өлімі бойынша бірнеше адам жауап берген. Бірақ әлі күдікті табылмай жатыр.

Бұл жөнінде ішкі істер министрлігіндегі дереккөз хабарлады.

«Милиция және прокуратура қызметкерлері іздестіру жұмысын жүргізіп жатыр. Тергеушілер қаза болғандар соңғы уақытта кімдермен көбірек байланыста болғанын анықтау үшін олардың телефондарын тексеріп шықты. Марқұмдардың көршілері мен туыстары сұраққа алынып, отбасының ықтимал дұшпандары анықталып жатыр. Бірнеше адам күдікті ретінде қаралып жатыр, бірақ олар әлі қамауға алынбады», — деді ІІМ қызметкері.

Бір күн бұрын елдің ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода арнайы құрылған тергеу тобының жұмысын сынап, отбасы мүшелерін өлтіргендерді тез арада табуды тапсырған.

12 маусымда белгісіз адамдар Жайхун ауданына қарасты Таргок ауылының 39 жастағы тұрғыны Ахлиддин Махмадовты және оның үш баласын балта және орақпен өлтіріп кеткен. Үй иесінің әйелі мен 11 жастағы бір баласы аман қалған. Олар қазір ауруханада жатыр.

Әзірге отбасы мүшелерін не себептен өлтіргені белгісіз. Ахлиддин Махмадовтың туыстары тергеу ісіне кедергі болмасын деп журналистермен кездесуден бас тартып жатыр.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Махмадов отбасы аса дәулетті емес.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий