Тәжікстанда Ресейдің 201-әскери базасының жауынгерін іздестіріп жатыр

Тәжікстанның Ауғанстанмен шектесетін Шамсиддин Шохин ауданында Ресейдің 201-әскери базасының жауынгерін іздеп жатыр. Бұл жайында Озоди радиосы дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады.

Мәліметке қарағанда, Сергей Чекалин есімді жауынгер осы аптаның басында «Момирак» полигонына әскери жаттығуға барған кезде қашып кеткен. Әзірге оның жанында қару-жарақ бар-жоғы жайында мәлімет жоқ.

Ресейдің 201-әскери базасының басшылығы бұл жайында мәлімет бермеді.

Хатлон облыстық ішкі істер басқармасындағы дереккөз орыс жауынгерін іздестіріп жатқанын растады.

«Бізден бұл жауынгерді көрген жоқсыңдар ма деп, суретін көрсетті. Біраз адамдарға көріп қалсаңдар, айтыңдар деп жауынгердің суретін беріп кетті», — дейді аудан орталығының асханасында істейтін Гулдаста есімді тұрғын.

Шамсиддин Шохин ауданы Тәжікстанның солтүстігінде орналасқан және Ауғанстанмен шектеседі. Қазір жабық тұрған шекараны ауған тараптан «Талибан» жауынгерлері бақылайды.

18 қазанда Тәжікстанда орыс, армян, қырғыз, қазақ, беларусь және тәжік әскерлерінің қатысуымен Ұжымдық қауіпсіздік келісім шарты ұйымының жаттығуы басталған. 23 қазанға дейін созылатын жаттығулар ауған шекарасына жақын орналасқан «Харбмайдон» және «Момирак» полигондарында өтіп жатыр.

Тәжікстандағы 201-әскери база Ресейдің құрлықтағы әскери күштерінің шетелде орналасқан ең ірі базасы. 2012 жылғы келісімге сәкес, бұл әскери базаның Тәжікстанда орналасу мерзімі 2042 жылға дейін созылған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий