Тәжікстанның валюта нарығында ресейлік рубль бағамы тағы құлдырады. Бір апта бұрын 1000 рубльге 132 сомони сатып алған болсақ, қазір 126 сомони ғана береді.
Тәжік мигранттары мен олардың туыстары ресейлік валюта бағамының құлдырап бара жатқанына алаңдап отыр.
Душанбе тұрғыны Мансуржон Шоназаровтың екі бауыры Ресейде жұмыс істейді. Олар еліндегі отбасына ай сайын ақша жіберіп тұрады. Мансуржонның айтуынша, рубль бағамының сәл ғана өзгеруі халық тұрмысына кәдімгідей әсер етеді.
«Ресейлік рубль бағамының түскені тиімсіз, одан кедейлер зардап шегеді. Өкінішке қарай, рубль бағамы құлдыраған сайын базарларда азық-түлік қымбаттайды» дейді астана тұрғыны.
Тәжікстанда ресейлік рубль бағамы қаңтардан бері түсіп келе жатыр. Сол кезде 1000 рубльге 148 сомони алуға болатын.
Экономист Бахром Шәріповтің айтуынша, рубль бағамының құлдырауы батыс елдері енгізген санкцияларға байланысты.
«Ресей бюджетінің түсімі күрт азайды. Украинадағы соғыс, армия қажетіне көп қаражат аударылуы да Ресей бюджетіне кері әсер етіп жатыр. Ресей билігі қазынаны толтыру үшін рубльдің доллар мен еуроға қатысты бағамын түсіруге мәжбүр» деп есептейді сарапшы.
Ресми мәлімет бойынша, Тәжікстанда отбасылардың шамамен 75 пайызы Ресейден жолданатын ақша аударымдарымен өмір сүріп жатыр.