Тәжікстан банктерінен соңғы бір жылдың ішінде тұтыну несиесін алу 80% көбейген. Бұл туралы өлкенің Ұлттық банкі хабарлады.
«Алиф» банкінің қызметкері Жахонгир Забиров азаматтар несиені көбіне тұрмыстық зат, гаджеттер алуға және Ресейге әуебилетке алатынын айтты. Оның сөзінше, несиеге сұраныс былтырғы коронавирус пандемиясына және жұмыс орындарының азаюына байланысты өскен.
«Тәжікстан тұрғындарының жалпы кірісінің 23 пайызын мигранттар жөнелткен ақша құрайды. Бұл бұрынғы жылдармен салыстырғанда төмен. Демек халықтың табысы да азайды. Себебі түсінікті — экономикалық дағдарыс, Ресейге қарсы енгізілген санкциялар, коронавирус пандемиясы және басқалар», — дейді экономист Хожимухаммад Умаров.
Тәжікстанның Ұлттық банкі былтыр Ресейдегі мигранттар 6,3 пайызға аз ақша аударғанын мәлімдеді.
Ресейдің Орталық банкі 2021 жылдың алғашқы алты айында тәжікстандықтар отанына 752 миллион доллардан астам қаражат жібергенін хабарлаған.