Тәжікстанда Восей ауданында жер бөлу және құрылыс бойынша комиссияның төраға орынбасары Алихон Худоёрзода ұсталды.
Бұл жөнінде аудандық прокуратураның дереккөзі хабарлады. Ол 22 ақпанда ұсталған. Шенеунікке қарсы қызметін асыра пайдаланды деген бап бойынша іс қозғалған.
7 ақпанда баспасөз мәслихаты кезінде журналистер Алихон Худоёрзодадан жер учаскелерін бөлу бойынша көптеген шағымдар бар екенін, онымен қалай жұмыс істеп жатқанын сұраған. Шенеунік ол шағымдардың бәрі «негізсіз» деп жауап берген.
Ол жерге қатысты дау тек 2017 жылы болғанын айтты. «Саричашма қышлағында жерді бөлу тұрғындардың қатысуынсыз өтті. Бірақ бұл бойынша ешкім шағымданып келмеді», — деген ол.
Жергілікті тұрғындар әкімдікке қанша рет өтінішпен барғанымен, өздеріне бөлінген жерді ала алмай келе жатқанын айтып келген. Тұрғындардың бірі жер заңсыз бөлініп келді деген.