Тәжікстанның қарулы күштері әскери дайындығын пысықтады

22 шілдеде таңертең Тәжікстанның барлық өңірлерінде қарулы күштердің әскери дайындығы сыналды.

Биліктің мәлімдеуінше, мұндай сынақ егемен Тәжікстан тарихында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Тәжікстан президенті, Қарулы күштердің бас қолбасшысы Эмомали Рахмон таңертең Ұлттық ұланға барып, әскери парадқа қатысты.

Тәжік мемлекеттік ақпарат құралдарының хабарлауынша, сынаққа 100 мың жауынгер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сонымен бірге 130 мың запастағы офицер мен сарбаз қатысты. Бұған қоса, запастағы 20 мың офицер мен сарбаз тәжік-ауған шекарасына аттанды.

Тәжікстан қарулы күштерінің әскери дайындығын пысықтау ауған шекарасындағы жағдайдың тұрақты болмауына байланысты қолға алынды. «Талибан» қозғалысының содырлары тәжік-ауған шекарасындағы шекаралас аудандардың көбісін басып алды.

5 тамызда Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан қарулы күштері ауған шекарасына жақын маңдағы Харб-майдон полигонында бірлескен әскери оқулар өткізеді. Оқулар алты күнге созылады.

Тәжікстан билігі ауған босқындары елге үре қашуы мүмкін екенін ескертіп отыр. Құрама Штаттар, Еуропалық одақ, Ресей және халықаралық ұйымдар Тәжікстанға шекараны нығайтуға көмектесіп отыр.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий