Тәжікстанның билік партиясы қырғыз азаматтарына үндеу жасады

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон төрағалық ететін Халықтық-демократиялық партиясы арнайы үндеу жасады. Оны партия төрағасының орынбасары Хайриниссо Юсуфи жариялады.

Ол орыс және қырғыз тілдерінде видеоүндеу жасап, екі ел халқын бірлікке, келісімге шақырды. «Ғасырларға созылатын тарихы бар көршіміз. Осы аралықта көптеген сынақты бастан өткердік. Бір-бірімізден үйренгеніміз көп. Әрбірімізде көрші елде жақсы дос, әріптес, туысқан бар. Бұл күндері екі елді туысқандық қарым-қатынас, ортақ мәдениет біріктіреді. Біздер бірлік пен татулықта өмір сүруіміз керек», — деді Хайриниссо Юсуфи.

28-29-30 сәуірде қырғыз-тәжік шекарасындағы қарулы қақтығыста 36 қырғызстандық құрбан болды, оның ішінде екеуі бала. 180-ден астам адам жарақат алған. Тәжік тараптан 19 адам өліп, 87 кісі жарақат алғаны ресми түрде жарияланды. 15 мыңға жуық жергілікті тұрғын қауіпсіз аймаққа эвакуацияланғаны айтылды.

Қырғызстанның Шекара қызметі тәжік тарап оқ атуды «бірінші бастаған» және «шекараға кіріп келген» деп мәлімдеді. Тәжік билігі болса, қырғызстандықтарды «басқа мемлекетке қарсы қарулы күш қолданған» деп айыптаған және қырғыз-тәжік шекарасындағы оқиғаны «агрессия» деп сипаттаған.

Екі өлкенің бас прокуратурасы қылмыстық іс ашып, зерттеу жүргізіп жатыр.

Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара 970 шақырымға созылып жатыр, бірақ соның 519 шақырымының ғана мәртебесі анықталған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий