Тәжіктер мен өзбектер соңғы 30 жылда бірінші рет бірлесіп кино түсірмекші

Тәжікстан мен Өзбекстан кинематографистері соңғы 30 жылда бірінші рет бірлесіп кино түсіру жөнінде келісімге келді. Бірінші жоба тәжік және өзбек әдебиетінің классиктері Нуриддин Абдуррахман Жами мен Алишер Навои туралы болмақ.

Бұл туралы Азаттықтың тәжік қызметі хабарлады. Түсірілім 15 ғасырда екі ақынның өмірінде маңызды рөл ойнаған Самарқанд қаласы мен Ауғанстанның солтүстік-батысындағы Герат қаласында болатыны айтылады.

«Тәжікфильм» киностудиясы директорының орынбасары Толиб Габуллозода бірлесіп фильм түсіру мәселесі өткен аптада Ташкентте талқыланғанын айтты.

«Сценарийді кім жазады, фильмді қандай режиссерге тапсырамыз деген тақырыпта үш-төрт күн талқыладық. Біз сценарий жазу үшін кинематографистер одағының төрағасы Сафар Хакдодты және режиссер Файзуллохи Файзаны ұсындық», — деді ол.

Тиісті топ Самарқанға барып, кино түсіруге лайық жерлерді анықтап келген. Бірақ Герат қаласын тәліптер басып алғаннан кейін, ол жақта кино түсіру әзірге мүмкін емес болғандықтан, өзбек тарабы Гератқа ұқсайтын қышлақ салуды шешкен.

Совет одағы кезінде тәжіктер мен өзбектер бірлесіп түсірілген фильмдер көп болды. Бірақ соңғы 30 жылда екі ел бірлесіп бірде-бір фильм түсірген емес.

Осыған дейін қырғыз-өзбек киношылары «Делбирим» фильмін жарыққа шығарды. Бұл фильм Шыңғыс Айтматовтың шығармасы негізінде түсірілген.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий