Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Астана қаласындағы колония басшылығының өрескел әрекетінің жолын кесті.
Елордадағы қатаң режимдегі колония басшылығы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияевке қамқорлық жасағаны анықталды, — деп хабарлайды Zakon.kz ұлттық бюроның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық бюро мәліметіне қарағанда, сотталушы Т.Ермегияевтің жазасын жайлы жағдайда өткізуіне мүмкіндік жасаған ЕЦ-166/10 түзеу мекемесінің бастығы, әділет полковнигі Н.Әбен мен оның орынбасары, әділет майоры Т.Мұсаев сот санциясымен ұсталып, тұтқынға алынды.
Жоғарыда аталған тұлғалар Т.Ермегияевке тұрақты түрде алкоголь ішімдіктерін ішуге үнемі жағдай жасап, ұялы телефон мен интернетті еркін пайдалануға, сонымен қатар үздіксіз кездесу өткізуіне мүмкіншілік берген.
Оған қоса, аталған өрескел заң бұзушылықтарға жол бергені үшін қылмыстық атқару жүйесінің 13 лауазымды тұлғасы да тәртіптік жазаға тартылды. Оның ішінде 11-і қызметінен босатылып, екеуіне қызметіне толық сай келмейтіндігі ескертілді.
Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, Талғат Ермегияев 2016 жылдың маусым айында жемқорлық және ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 14 жылға сотталған болатын.