Тәжікстанның Рудаки ауданындағы Зайнобобод жамағатына қарасты ауылдардың бірінде ондаған тұрғын үй мен шаруашылық құрылыстары селден зардап шекті.
25 сәуірде жауған нөсер жауыннан соң сел жүрген. Ол Куктоши боло және Куктоши поён каналдарын бөгеп тастаған. Соның нәтижесінде балшық жергілікті тұрғындардың үйлерін басып қалған.
Тәжікстанның төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы Умеда Юсупованың айтуынша, селден қырықтан астам үй мен қосалқы құрылыстар бұзылған.
Оның айтуынша, 26 сәуірде каналдардың арнасы тазартылды. «Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Аудандағы төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия шығынды есептеп жатыр», — деді Умеда Юсупова.
Дәл сол күні елдің оңтүстігіндегі Яван ауданында да сел жүрген. Хабарларға қарағанда, балшық көшкінінің қуатты болғаны соншалық, жиналған топырақ деңгейі Бешкаппа қышлағындағы үйлердің терезесіне дейін жеткен.