Талақ айтқаннан кейін күйеуіңмен қайта қосылуға бола ма?

Көрнекі сурет: Islam.kz

Islam.kz редакциясы «Талақ айтқаннан кейін өз ерімен, яғни, куйеуімен қайта қосылуына немесе жаңадан неке қидыруларына бола ма?», — деп сауал жолдаған бойжеткеннің хатына жауап берді.

Талақ үш категорияға бөлінеді: «рижғи талақ», «кіші байын талақ» және «үлкен байын талақ».

1. Рижғи талақ.

Бірінші рет не екінші рет «сені талақ еттім» деп тікелей «талақ» сөзін айтудың нәтижесінде туындаған талақ түрі. Бұнымен қатар әр елдің ана тіліндегі «талақ» мағынасында қолданылатын сөздерді де осы категорияға жатқызсақ болады (мысалы, «ажырастым» деген сөз).

Талақтың бұл түрі — арадағы некені бұзбайды. Сондықтан да, ері үш хайыз келу уақыты ішінде әйелімен татуласуына құқылы. Неке жаңартуына керегі жоқ.

Алайда, татуласпай, арадан үш хайыз уақыт өтіп кетсе, «кіші байын талақ» үкімін тудырып, некелері бұзылады.

2. Кіші байын талақ.

Кіші байын талақта ерлі-зайыптылардың некелері бұзылады. Бұдан кейін, әйелімен татуласқысы келген ері әйелдің ризалығымен және мәһр белгілеп, некелерін жаңартулары шарт.

Мына жағдайларда «кіші байын талақ» туындайды:

Мысалы, «үйіңе кет», «көргім келмейді», «киіміңді жина» т.б. астарында ажырасу екені, әлде, басқа мағына жатқаны беймәлім сөздерді айтқан адамның ниеті қарастырылады. Егер ниеті ажырасу болса, некелері бұзылады. Ал, ондай ниеті жоқ болса некелері бұзылмайды. 

Үйленгеннен кейін еш төсек қатынасына түспестен әйелін талақ еткен болса да байын талақ үкімі туады.

3.Үлкен Байын талақ.

Үлкен байын талақта ерлі-зайыптылардың некелері мүлдем бұзылып, қайта қосылу құқынан ажырайды.

Еркектің үш рет талақ айту құқы бар. Бірінші мен екіншіде қайта қосылуға мүмкіндік бар. Ал, үшіншісінде «үлкен байын талақ» ретінде есептеліп, қайта қосылу құқынан ажырайды.

Қайтадан қосылу үшін әйел басқа ер кісіге тұрмысқа шығып, одан соң белгілі бір себептермен ажырасып жатса ғана, әлгі бұрынғы еріне халал болады.

Жоғарыда айтылғандарды қысқаша қорытындылайтын болсақ:

Әйелін «рижғи талақпен» талақ еткен кісі онымен үш етеккір мезгілі ішінде қайта татуласуына болады. Кіші Байын талақпен талақ еткен кісі қайтадан қосылуы үшін өзара ризалықпен мәһр белгілеп, некелерін жаңадан қиюлары шарт. Үлкен Байын талақ туындаған жағдайда ерлі-зайыптылардың некелері мүлдем бұзылып, қайта қосылу құқынан айырылады.

Қайтадан қосылу үшін әйел басқа ер кісіге тұрмысқа шығып, белгілі бір себептермен ажырасып жатса ғана, әлгі бұрынғы еріне халал болмақ.

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий