Талдықорғанда «үтікпен азаптау» ісі бойынша айыпталған полицейлерге үкім оқылды

Бүгін Талдықорған қалалық сотында Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарды азаптады деп күдікке ілінген бес адамға сот үкімі оқылды. Олардың барлығы Қылмыстық кодекстің «азаптау» бабы (146-баптың 2-бөлігі) бойынша айыпталған.

Бұл туралы сот залынан тікелей эфирде хабар таратқан The Qazaq Times басылымы хабарлады.

Сот Айдын Кенжебаев пен Нұртаза Жанбақытұлын кінәлі деп танып, әрқайсысын төрт жылға бас бостандығынан айырды. Судья Сапармұрат Тоқташты үш жыл алты айға, Ермек Жұмашев пен Алмас Боқановты үш жылға бас бостандығынан айырды.

Айыпталушылардың барлығына үш жыл құқық қорғау жүйесінде және мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынып, олар шендерінен айырылды.

Бұған дейін Айдын Кенжебаевтан басқасы үйқамақта болған. Үкім оқылғаннан кейін айыпталушылар сот залында қамауға алынды.

Жетісу облыстық сотының хабарламасында айыпталушылар кінәні толық мойындағаны, «жәбірленушілер оларды кешіргені» жазылған.

Үкім әзірше заңды күшіне енген жоқ. Апелляциялық шағым түсіру үшін 15 күн бар.

Істе 23 жәбірленуші бар. 10 ақпан күні сот үкімі оқылмай тұрып, сотта тараптардың соңғы сөзі тыңдалды. Айыпталушылар жәбірленушілерден кешірім сұрап, соттан отбасы мен кәмелет жасына толмаған балалары барын ескеруді, өздерін бас бостандығынан айырмауды сұраған.

Сот былтыр қыркүйекте басталды. Алғашында полиция қызметкерлерін соттауды талап еткен жәбірленушілер кейін сотталушыларға «кешірім бергенін» айтып, «оларды бас бостандығынан айырмай, шартты түрде жазалауды» сұраған.

Жәбірленушілер мұны «президент Қаңтарға қатысушыларға кешірім берді, біз де бұларды кешірдік, олар біздің талаптарымызды орындап, көмектесті» деп түсіндірген.

Бұған дейін жәбірленушілердің адвокаттары айыпталушы полицейлер жәбірленушілерді қорқытқанын, сот кезінде заңсыздықтар болғанын айтқан.

Жәбірленушілердің кейбірі өзін азаптаған полиция қызметкерлері жауапқа тартылмағанын айтқан. Ал үтікті қыздырып, ұсталған адамның арқасына басқан полицей мүлде тергелмеген.

Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін қамау орындарында «азапталдым» деген жүздеген адам құқық қорғау органдарына шағым түсірген. Бірақ бұл істің көбі жабылып қалды.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий