«Талибан» қозғалысы биометрикалық мәліметтерді анықтау үшін ауған-өзбек шекарасына арнайы қондырғы орнатты. Бұл туралы Азаттықтың өзбек қызметі Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласындағы дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады.
«5 қыркүйекке дейін адамдар Өзбекстанға өзбек визасымен өтіп жатқан. Бірақ өткен түні тәліптер шекара бекетіне биометрикалық қондырғы орнатқан. Қазір онда бұрынғы ауған үкіметінде жұмыс істеген қауіпсіздік күштерінің өкілдері тұрады. Олардың қолында қазіргі үкімет әзірлеген тізімдер бар. Онда қылмыс жасағандардың, шетелдіктермен жұмыс істегендердің аты-жөндері бар», — дейді дереккөз.
Оның сөзінше, Ауғанстаннан Өзбекстанға өтіп жатқандардың негізгі бөлігін кәсіпкерлер құрайды.
Бұл мәліметті Ауғанстанмен шектесетін Сұрхандария облысындағы дереккөз де растаған. Оның сөзінше, тамыз айында тәліптер Ауғанстанды басып алғаннан кейін тауар таситын пойыздар тоқтап қалған.
«400-ге жақын вагон қант, ұн, күріш және сұйық май секілді азық-түлік өткізілді», — деді ол.
Тәліптер Кабулды басып алғаннан кейін бірінші рет Ауғанстан мен Өзбекстан арасында сауда қарым-қатынасы бойынша әріптестік орнатудың алғашқы белгілері пайда бола бастады.
1 қыркүйекте өзбекстандық жүк тасушы екі пойыз Ауғанстанға барғаны хабарланды. Бұл тәліптер билікке келгеннен кейінгі өзбек тараптың Ауғанстанға жеткізген алғашқы коммерциялық жүгі.
Өткен аптада «Талибан» қозғалысы Өзбекстанның Тәуелсіздік күніне орай жолдаған құттықтауында Ташкентті «әріптес» деп атап, өзбек тарап ұсынған аймақтық жобаларды қолдауға дайын екенін мәлімдеген.