«Талибан» Ауғанстан аумағында жүрген ДАИШ-пен («Ислам мемлекеті») және өзге де экстремистік топтармен күресте АҚШ-пен жұмыс істемейтінін айтты.
«ДАИШ-пен өзіміз-ақ күресе аламыз» деді «Талибанның» баспасөз хатшысы Сухаил Шахин 9 қазан күні Associated Press ақпарат агенттігіне.
9-10 қазан күндері Катар астанасы Дохада АҚШ пен «Талибан» өкілдері кездесіп жатыр. Бұл – тараптардың Ауғанстанда тәліптер билікке келгелі алғаш бетпе-бетпе кездесуі.
АҚШ билігі әзірге кездесудің қалай өтіп жатқаны жөнінде ешқандай пікір білдірмеді.
Ауғанстан тәліптердің қолына өткелі елде бірнеше лаңкестік шабуыл болды. Бұл шабуылдарды ДАИШ-тың Ауғанстандағы бөлімі – Хорасан тобы мойнына алды.
Ең қанды шабуыл 8 қазан күні болды. Ауғанстанның солтүстігінде орналасқан Құндыз уәлаятындағы шиит мешітінің ішінде жанкешті өзін жарып жіберіп, 100-ден астам адам мерт болды.
АҚШ «Талибанды» шетел азаматтары мен елден кеткісі келетін ауғандарды эвакуациялауға кедергі келтірмеуге шақырып, экстремистік топтармен күрес мәселесін көтермек.
АҚШ өкілдері Дохадағы бетпе-бет кездесу Вашингтонның «Талибан» үкіметін мойындауға дайын екенін білдірмейді деді.
Дохадағы Al-Jazeera English таратқан ақпаратқа қарағанда, «Талибан» үкіметінде сыртқы істер министрі қызметін атқаратын Әмір Хан Муттақи АҚШ-тан Ауғанстан орталық банкінің қаржысын бұғаттан шығаруды сұраған.
«Талибан» билікке келгенде АҚШ Ауғанстанның 9 миллиардқа жуық ақшасын бұғаттап қойған. Салдарынан Ауғанстан ақша жетіспей, азық-түлік пен жанармайдың бағасы күрт артқан.
Дәл осы уақытта АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Венди Шерман Исламабадқа барып, Пәкістан билігімен Ауғанстан мәселесін талқылады.
Пәкістан билігі Вашингтоннан «Талибанды» Ауғанстанның жаңа билігі деп тануды және осы елдегі экономикалық апаттың алдын алу үшін халықаралық қорлардан қаржы бөлуді сұраған.
Пәкістан сондай-ақ «Талибанға» да жүгініп, мейлінше инклюзивті болуға және адам құқықтары мен этникалық һәм діни топтардың құқықтарын қорғауға шақырған.