Афганским военным разрешили беспрепятственно пройти на территорию Таджикистана. Фото пресс-центра погранвойск ГКНБ Таджикистана
Талибан тобы 22 маусымда ауған-тәжік шекарасындағы Шерхан-Бандар аймағына бақылау орнатты. Ауғанстанның Құндыз қаласынан 50 шақырымда жатқан бұл жер ауған-тәжік шекарасындағы кедендік аймақ саналады.
Талибан қозғалысына қарсы күрескен жүзден астам ауған әскері тәжік аумағына шегінді деп хабарлады Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті.
Құндыз провинциясы кеңесінің мүшесі Халиддин Хакми AFP агенттігіне тәліптер 22 маусымда «Шерхан портын және шекара постарын» басып алғанын айтқан.
Талибан өкілі Забихулла Муджахид «Шерхан-Бандар және Тәжікстанмен шекара маңындағы аудандар тәліптердің толық бақылауына өткенін» айтты.
Тәжікстанның «Ховар» агенттігінің хабарлауынша, төрт ауған әскері жараланып, біреуі қаза тапқан. Жалпы шекара маңындағы аудандарды басып алу кезінде қайтыс болған, тұтқынға түскен адамдар саны жүзге жетеді.
Құндыз провинциясы кеңесінің мүшесі Гулам Раббанидің сөзінше, атыс Құндыздан тысқары жерлерде де жүріп жатыр. Атыстың салдарынан адамдар қаланы тастап кеткен. Ауғанстан қорғаныс министрлігі Құндыздағы кейбір маңызды аудандарды тәліптерден қайтарып алғанын мәлімдеді.
Талибан содырлары 21 маусымда Балх провинциясының орталығы Мазари-Шарифтің шетіне жеткені хабарланды. Тәліптердің өкілі Муджахидтің сөзінше, содырларға қалаға кірмеуге бұйрық берілген. Талибан жетекшілері бұл провинциядан АҚШ күштерінің толық шыққанын күтпек.
АҚШ президенті Джо Байден биыл мамырда «11 қыркүйекке дейін Ауғанстаннан америкалық әскерилер толық шығарылатынын» мәлімдеп, бұл процесс басталып кеткен. Осыдан соң Талибан басқыншылықты үдетіп, Ауғанстандағы көп жерлерге бақылау орната бастады.
Ауғанстандағы БҰҰ арнайы өкілі Дебора Лайонс 22 маусымда мәлімдеме жасап, «мамырдан бері тәліптер Ауғанстандағы 370 ауданның 50-ден астамын басып алғанын, бұл басқа да елдерге қауіп төндіретінін» айтты.