Фото әлеуметтік желіден алынды
Танымал журналист Марат Тоқашбаев Ақтөбедегі терактіге қатысты пікірін білдірді.
Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазған деп хабарлайды NUR.KZ.
«Ақтөбедегі қақтығыс салдарынан 20 адам қаза тапты. Оның жетеуі әскери қызметкер мен бейбіт тұрғындар болса, қалғандары күш құрылымдары «лаңкес» деп атаған өрімдей қазақ жігіттері. Кеше, 9 маусымда өткен жалпыұлттық аза тұту күнінде сол жігіттердің есімдері аталмады. Аманкелді Айталы айтпақшы, олардың ата-анасы мен туыстарына көңіл айтылмады. Мұндай оқыс әрекетке бастаған себептер жөнінде бізге әлі ештеме белгісіз», — деп жазады журналист.
«Күш құрылымдары тарапынан өлтірілген 13 жігіт осы қоғамның перзенттері еді. Ешбірі аспаннан түскен жоқ. Бәрі де ата-ананың үміт күткен ұлдары болатын. Мектеп партасында отырды, әскерде міндетті борышын өтегендері де бар шығар. Сол жастардың қыршынынан қиылуына өзіміз кінәліміз. Олардың сойқанды содырлық жолына түсуіне түрткі болған ең алдымен – мемлекеттік билік. Егер елімізде дұрыс ұлттық идеология қалыптасқан болса, жастарға оңды патриоттық сезім дарытылған болса, адалдық пен әділдік ту етілсе біз мұндай қасіретке ұшырамаған болар едік. Ұлттық идеологиялық кеңістіктегі ваккум, жалған ұрандар, көзбояушылық пен коррупция жастардың ертеңге деген сенімін жойып, «бақытты» басқа жақтан іздеуге мәжбүр етіп отыр», — делінген жазбада.
«Өзінің азаматтық құқығын жүзеге асырмақ болғандар –шетелден 150 доллар ақша алған сатқын, ақиқатты айтқысы келгендер – идеялық жау, криминалдық белсенділер – төңкеріске ұмтылған саяси қарсылас танылған бүгінгі күнде халық биліктің әр сөзінен мүлде қарама-қайшы мағына іздейтін болды. Іс жүзінде Ақтөбедегі қақтығыс мемлекеттің жіберген идеологиялық қателіктерінің қақтығысы. Өкінішке қарай билік оны мойындамайды. «Алдымен –экономика, саясат – одан соң» ұстанымы қате екендігін өмір көрсетті. Қоғамның іргетасы экономика емес ұлттық идеология болу керек. Бізге әдетте ешқашан өлмейтін ел сияқты ақылға қонымсыз бірдемелер тықпаланып жатады. Жалған іргетастың үстіне шынайы ғимарат салуға бола ма?! Өз басым жазықсыз қаза тапқан 7 жігіттің отбасымен қоса идеологиялық ваккум салдарынан жаңылыс жолға түскен 13 қазақ жігітінің отбасына да қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын», — деді журналист Марат Тоқашбаев.