Танымал журналист, қазақ телевизиясында өзіндік қолтаңбасын қалдыра білген Арман Сқабылұлы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төраға орынбасары Зауытбек Тұрысбековтің әрекетіне ашынды, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігі.
Арман Сқабылұлы төраға орынбасарына деген ренішін Facebook парақшасы арқылы білдірді.
«Кеше ғана Зауытбек ағамызға орыс тілді басылымдар жала жауып, жабылып жатқанда ара түсіп, араша сұраған біз едік. Енді міне, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасы орынбасарының қазақтан басқа ұлт жоқ мекемеде іс — қағаздарын орысша жүргізуін көріп, қатты қынжылып қалдық. Тұрысбековтің мұнысы несі?» деп жазды автор. Сонымен қатар Арман Сқабылұлы өз жазбасымен қоса Зауытбек Тұрысбековтің қолы қойылған қауымдастықтың хатын да жария етті. Бұны көрген желі қолданушылары өз таңданыстарын жасыра алмады. Тіпті «қазақша түсінбейтін қазақтар» деп ашуға булыққандары да табылды. Желі қолданушылары арасында Зауытбек Тұрысбековті жақтай түскендер де бар. «Орындаушының тілі – орыс. Өзіне оңай жағын жасап, Тұрысбековке қол қойдырған шығар. Болмаса ол кісінің қазақылығы басым еді ғой», «Мен де соған таң болып отырмын. Бірақ қол қойған құжатының қай тілде жазылғанына назар аударуы тиіс еді» деп пікір қалдырды өзгелері. Ақпарат ретінде айта кетейік, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының төраға орынбасарының қолы қойылған іс-қағазда қауымдастықтың жұмыс орны Алматыдан Астанаға көшірілетіні туралы хабарлама жазылған.