Иллюстративное фото
Ташкент облысы Букин аудандық ішкі істер бөліміне түскен 36 жастағы күдікті милиция қызметкерлері азаптағаннан кейін қайтыс болды деген болжам бар.
Өзбекстан ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, милицияның аудандық бөлімі басшыларының бәрі дерлік қызметтен алынды, екі милиционер қамалды. Алайда ресми мәліметте құқық қорғау органдары қызметкерлері күдіктіні азаптағаны туралы ештеңе айтылмайды. Мәлімдемеде марқұмның денесінде қара дақтар қалғаны жөнінде жазылған. Аудандық милиция бөліміндегі оқиға марқұмның туыстары наразылық акциясын өткізгеннен кейін ғана көпшілікке мәлім болды.
Кейінгі бір аптада республиканың құқық қорғау органдарында осымен екінші мәрте кісі өлімі тіркеліп отыр.
36 жастағы У.С, төрт баланың әкесі, Букин аудандық ішкі істер бөлімінде тергелген уақытта алған жарақаттан ауруханада қайтыс болған.
Әлеуметтік желілерде марқұмның туыстары аудандық милиция ғимараты алдында наразлық акциясын өткізіп жатқаны туралы видео тарады. Олардың кейбіір ғимарат ішіне кіруге талпыныс жасаған. Милиция ғимараты алдында оннан астам адам жиналған. Олар бөлім ғимаратының қақпасын тепкілеген.
ІІМ әзірге наразылық акциясы туралы ешқандай ресми мәлімдеме таратпады.
3 маусымдағы бұл оқиға туралы баспасөзге 5 маусымда ғана белгілі болды.
Сот-медицина сараптамасы марқұмның денесінде қара дақтар қалғанын анықтаған. Марқұмның іші көгерген, ал мойнында қылқындыру ізі қалған.
Әзірге қайтыс болған адамның толық аты-жөні белгісіз. Дереккөздердің айтуынша, марқұм У.С. мен оның наразы туыстары Букин ауданындағы сығандар қауымына жатады.
Халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқықтарын қорғау ұйымы 24 мамырда жариялаған есебінде Өзбекстанда азаптау жиі қолданылатыны туралы мәліметтер келтірген.