Швейцария федералды қылмыстық соты Takilant Ltd компаниясына тиесілі 293 миллионнан астам долларды кәмпескелеу туралы қаулы алды. Бұл компанияның негізгі бенефициары Өзбекстанның бұрынғы президент Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримова.
Осыдан кейін Өзбекстанның әділет министрлігі «Швейцария сотының шешімі бұл ақшаны Өзбекстанға қайтару үшін келіссөз жүргізуге мүмкіндік береді деп мәлімдеді» дейді Азаттықтың Өзбек редакциясы — Озодлик радиосы.
Әділет министрлігінің айтуына қарағанда, сот шешімі бойынша 70 миллион долларға жуық ақша Takilant Ltd. компаниясына қайтарылуы да мүмкін, бірақ Швейцария сотының шешімі ақырғы шешім емес, оның үстінен шағым түсіруге болады.
Гибралтарға тіркелген Takilant Ltd компаниясы Швейцария банкіндегі екі шотпен байланысты, оларға байланысты қазір қылмыстық тергеу жүргізіліп жатыр. Компаниядан кәмпескеленген ақшаны жалпы сомасы 350 миллион долларға жеткен.
Swissinfo басылымының жазуынша, сот бұл соманың елеулі бөлігін құлыптауды ұйғарған, өйткені арасында Гүлнара Каримова мен оның көмекшісі де бар бірнеше адамға ақша жылыстатты деген ауыр айып тағылып отыр.
Алайда сот шешімі бойынша 70 миллион долларға жуық ақша Takilant Ltd. компаниясына қайтарылады, өйткен тергеу бірнеше компаниямен байланысы бар бұл активтердің барлығы қылмыстық жолмен келмегенін дәлелдей алмаған.
Ақшаның елеулі бөлігін кәмпескелеу туралы сот шешіміне қарамастан Гүлнара Каримованың адвокаттары сот шешімін ішінара жеңіс деп санайды. Бұл жөнінде Гүлнара Каримованың адвокаты Грегуара Манжидің (Grégoire Mangeat) хатында айтылған. Адвокат хатты электронды пошта арқылы Swiss Telegraphic Agency басылымына жіберген.
«Бұл қаулы, ең әуелі Гүлнара Каримованың Өзбекстанда озбырлықпен қамалып жатқанын пайдаланбақ болған Федералды прокуратура жұмысының зая кеткенін білдіреді», – дейді Швейцария адвокаты.
2020 жылы 18 наурызда Ташкент қалалық соты Гүлнара Каримованы 13 жыл төрт айға бас бостандығынан айырған.
Оны «қылмыстық ұйым құрды, бопсамен айналысты, ұрлады, қылмыстық жолмен тапқан табыстарын заңдастырды» деп айыптаған.
Гүлнара Каримова 2019 жылдың көктемінен бері Ташкент облысындағы №21 әйелдер колониясында қамауда отыр.