Ташкентте балалары жаппай уланған балабақшаға тамақты аудан басшысының ұлына қарасты фирма жеткізген

Еске салайық, биыл тамыз айында Ташкент облысы Аққұорған ауданындағы №5 балабақшада отыздан астам бала астан уланды, бір бала қайтыс болды.

Озодлик радиосы жүргізген тексеру барысында балабақшаға тамақ жеткізген фирма аудан басшысының ұлына тиесілі екені анықталды.

Редакцияға түскен құжаттарға сәйкес, биыл мамырда өткен тендер нәтижесінде балабақшаға тамақ жеткізу құқығын «SHARK MILK PRODUCT» компаниясы жеңіп алған.

Заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізімінде «SHARK MILK PRODUCT» компаниясы Омонов Фазлиддин Фарходұлына тиесілі екені көрсетілген. Озодлик дереккөзінің мәліметі бойынша, Фазлиддин Омонов Аққорған ауданының басшысы Фарход Омоновтың ұлы.

UZEX.UZ сайтындағы мәліметке қарағанда, мамыр айынан бастап бұл фирма Аққорған ауданындағы балабақшаларға сүт, қаймақ және сүзбе жеткізген. Фирма шамамен жарты миллиард сумның ($46,7 мың) сүт өнімдерін тапсырған.

Аққорған ауданы әкімшілігінің баспасөз хатшысы Батыр Бойбутаев фирма басшысы Фазлиддин Омоновтың аудан басшысы Фарход Омоновтың ұлы екенін растады. Дегенмен ол шенеуніктің ұлы аудандағы балабақшаларға өнім жеткізумен айналысты деген мәліметті жоққа шығаруға тырысты.

– Біздің хокимнің Фазлиддин есімді ұлы бары рас, бірақ ол жігіт Аққорғанда азық-түлік тасумен айналыспайды. Ол Ташкентте отырады, кәсіппен айналысады. Ол балабақшаларға азық-түлік жеткізумен айналыспайтынын білемін, – деді Батыр Бойбутаев.

«SHARK MILK PRODUCT» фирмасының кеңсесі Ташкент қаласындағы Үштепе ауданында орналасқан.

Өзбекстанның мектепке дейінгі білім беру министрлігінің баспасөз хатшысы Мавлюда Асқархожаева «SHARK MILK PRODUCT» фирмасының әлі күнге дейін Аққорған ауданындағы балабақшаларға сүт өнімдерін жеткізумен айналысатынын растады.

Еске салайық, 12 тамызда әлеуметтік желілерде Аққорған ауданындағы балабақшалардың бірінде балалар жаппай уланғаны туралы мәлімет тарады.

Әуелі ресми тұлғалар 25 бала уланғанын растады, 13 тамызда тағы бес бала ауруғана түскені хабарланды. Бір бала ауруханаға түскен күні қайтыс болған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий