Ташкентте 15-16 шілде күндері «Орталық және Оңтүстік Азия: аймақтық өзара байланыс. Сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» деп аталатын халықаралық конференция өтеді. Бұл туралы Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәліметке қарағанда, конференция Өзбекстанның мемлекет басшысы Шавкат Мирзияевтің бастамасымен ұйымдастырылып жатыр. Оның негізгі мақсаты — Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасындағы тарихи байланыстырды, достық қарым-қатынасты және көршілік сенімді нығайту.
Іс-шараға Өзбекстан мен Ауғанстан президенттері, Пәкістан премьер-министрі, Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің сыртқы істер министрлері, жоғарғы қызмет өкілдері, халықаралық және аймақтық ұйымдардың, дүнижүзілік қаржы институттары мен компаниялардың, зерттеушілер және сараптама орталығының өкілдері қатысады деп күтіледі.
Олар аймақтық байланыстарды, бұдан бөлек сауда-экономикалық, көлік-коммуникациялық және мәдени-гуманитарлық әріптестікті дамытуға бағытталған мүмкіндіктерді талқылайды.