Хорог, 16 мая 2022 года
Тәжікстандағы Таулы Бадахшан автономиялы облысының құқық қорғау органдары қызметкерлері 16 мамырда кешке Хорог қаласында наразылық акциясына шыққандарға қарсы резіңке оқ пен көзден жас ағызатын газ қолданды. Дереккөздер мәліметінше, бір адам қаза тапты, үш адам жараланды.
Тәжік билігі Таулы Бадахшанның әкімшілік орталығындағы наразылық акциясы туралы ақпаратты растамады, бірақ жоққа шығарған да жоқ.
16 мамырда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің Хорог тұрғындарының наразылығын басу кезінде 30 жастағы Замир Назаршоев қаза болды. Мәліметті Озоди радиосына кем дегенде үш дереккөз растады. Таулы Бадахшанның ресми емес жетекшілерінің бірі Мамадбокир Мамалбокиров те Назаршоев наразылыққа шыққандардың арасында болғанын айтты.
Таулы Бадахшан автономиялы облысының билігі аймақ басшысы мен Хорог мэрін қызметтен кетіру жөніндегі талапты орындаудан бас тартқан соң, дүйсенбі күні жергілікті жастардың үлкен тобы облыс әкімдігіне қарай бет алды. Чинак деп аталатын жерде оларды Тәжікстан құқық қорғау органдарының қызметкерлері күтіп алып, наразы топқа қарсы резіңке оқ пен көзден жас ағызатын газ қолданды.
16 мамырда Озоди радиосының оқырмандары жолдаған видеолардан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің резіңке оқ атып, көзден жас ағызатын газ шашқанын көруге болады.
Хорогтағы екі дереккөз жараланған үш адам Бархоруг ауданындағы Ага Хан ауруханасына түскенін растады. «Атыс болып жатыр, қала интернеттен ажыратылды», деп хабарлады дереккөздердің бірі.
Бұл уақытта «Бадахшан» телеарнасында сөйлеген аймақ прокуроры халықты наразылыққа қатыспауға шақырып, ол үшін қылмыстық жаза қолданатынын ескерткен.
Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы жағдай 2021 жылғы 25 қарашадан бері тыныш емес. Сол күні арнайы қызметтің операциясы кезінде жергілікті тұрғын Гүлбиддин Зиёбеков оққа ұшқан. Осы оқиғадан кейін бірнеше мың адам Хорог қаласының орталық алаңына жиналды. Митинг төрт күнге созылды. Билік кісі өлімін әділ тергеуге уәде берген, бірақ аймақ белсенділері тергеу әлі аяқталмағанын айтып отыр.